Даниал Ахметов Жеңіл атлетика федерациясын 100 млн теңге қарызға батырып кеткен

Даниал Ахметов Жеңіл атлетика федерациясы президенті қызметінен кеткеннен кейін ұйым 100 миллион теңгеден астам қарызбен қалған, деп хабарлайды Prosports.kz сайты 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық турнир қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында sportarena.kz журналисі Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының (ҚЖАФ) бұрынғы президенті Даниал Ахметов кеткеннен кейінгі қаржылық қиындықтары туралы сұрады.
Ахметов бұл қызметінен 2024 жылдың желтоқсанында кеткен болатын. БАҚ-та жарияланған деректерге сәйкес, ол өзінен кейін федерацияда 100 миллион теңгеден астам қарыз қалдырған.
Баспасөз конференциясы кезінде жаңа сайланған президент Ольга Рыпакова бұл мәселеге қатысты жауап беруден бас тартты. Дегенмен Жеңіл атлетика федерациясының жаңа бас хатшысы, бұрынғы дзюдошы Келбет Нұрғазина ақпаратты растап, бұл тығырықтан қалай шығып жатқанын айтты.
«Иә, бізде өткен жылдан қалған қарыздар және басқа да мәселелер бар. Алайда бұл түйткілдерді Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп шешіп жатырмыз. Олар бізге қолдау көрсетіп, көмектесіп жатыр. Қарыздың бір бөлігі жабылды. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде», - деді Нұрғазина.
Айта кетейік, Даниал Ахметов 2018 жылдан бері Жеңіл атлетика федерациясының президенті болған. 2024 жылдың 11 желтоқсанында өткен жыл қорытындысы жиналысында ол өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын жариялап, федерация президенті қызметіне Ольга Рыпакованы ұсынды. Жиналысқа қатысқан аймақтық федерация басшылары мен спорт саласының өкілдері бұл кандидатураны бірауыздан қолдады.
Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық жеңіл атлетика турнирі өтеді
Қазақстандық әнші Қуат Хамитов туралы пікірі білдірді
Назар Қожанов суға секіруден әлем чемпионатында жеке рекордын жаңартты