UFC BJJ лигасында өнер көрсететін тұңғыш қазақстандық балуан қай салмақта белдеседі?

Қазақстандық балуан, ММА-де бірде-бір жеңіліс көрмеген Азамат Бакытов UFC-тің жаңа жобасы – UFC BJJ лигасында ел намысын қорғайтын алғашқы спортшы болмақ, деп хабарлайды Prosports.kz.
Tengri Sport таратқан мәліметке сәйкес, Бакытов бұл лигада 84 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ал бұған дейін ол ММА-де 70 келіге дейінгі жеңіл салмақта жұдырықтасып келген. Сонымен қатар, ол екі рет Nomad Wrestling ProSports турнирінің чемпионы атанған.
UFC BJJ – UFC ұйымының жекпе-жек форматын сақтай отырып, киімсіз бразилиялық джиу-джитсу (no-gi) бағытына негізделген жаңа лигасы. Жоба 2025 жылдың 16 маусымында іске қосылды. Алғашқы турнир YouTube платформасында 1,4 миллион қаралым жинаса, екінші жарыс 359 мыңнан астам көрілімге ие болды.
UFC BJJ үш салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеу сарапқа салынатын бәсекелер ұйымдастырады. Жекпе-жектер ММА ережесіне ұқсас түрде – әрқайсысы 5 минуттық 3 раундтан өтеді. Бұл жоба грэпплинг спортының жаңа деңгейге шығуына жол ашып, Азамат Бакытов сол көштің басында тұрған қазақстандық атлет ретінде тарихқа енбек.