Америкадағы қазақстандық боксшы жанкүйерлердің сынына жауап берді

Америкадағы қазақстандық боксшы жанкүйерлердің сынына жауап берді

Рио Олимпиадасының чемпионы, қазіргі кезде кәсіпқой бокста жүрген Данияр Елеусінов (12-0, 7 КО) ұзақ үзілістен кейін АҚШ-тағы рингке қайта оралды. деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл оның соңғы 4 жыл 8 ай ішіндегі Америкадағы алғашқы жекпе-жегі. Данияр бұған дейін тура бір жыл бұрын Алматыда жұдырықтасқан еді. Дәл осы АҚШ-тағы жекпе-жектен кейін боксшы түрлі сынның астына қалды. Жанкүйерлердің көкейіндегі сұрақтарға жауап алу үшін спортшының өзіне хабарласып сұхбаттастық.

Елеусінов әңгіме барысында UFC президенті Дана Уайтпен бірлесіп қолға алып жатқан жаңа жобасы туралы да айтып берді.

– Данияр, кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіңізбен құттықтаймыз! Алайда бұл жекпе-жекке қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі бұл кездесу сіздің кәсіби мансабыңызға елеулі пайда әкелмеді деп есептейді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

– Сын әрқашан айтылады. Бірақ мен үшін рингке көтерілген әрбір сәт – өте маңызды. Әр жекпе-жек менің мансабымның алға ілгерілеуіне зор септігін тигізеді. Бір жылдан астам уақыт шаршы алаңға шықпай қалсаң, түрлі сайттарда «белсенді емес» деп жариялайды. Сол себепті BoxRec-тағы рейтингімізді жақсарту мақсатында жекпе-жек өткіздік. Сонымен қатар, өз бабым мен дайындығымды пысықтап алдым. Әр жекпе-жектің алдында қобалжу болады. Шаршы алаңға шығып, жұдырықтасу – бұл мүлде басқа дүние. Қаншалықты сын айтылса да, оны үлкен сынақтарға дайындықтың бір жолы деп қабылдаған дұрыс. Себебі біз біраз уақыт рингке шықпадық. Енді қыркүйек айында кезекті жекпе-жек өткіземін. Келер жылдан бастап MMA-дағы UFC сияқты жаңа промоушн Zuffa басталады. Ол жақтағы кездесулер оңай болмайды. Қазіргі өткізіп жатқан айқастарым – сол үлкен жекпе-жектерге дайындықтың бір бөлігі.

– Сонымен қатар, бұл бокс кешінің тікелей трансляциясы болмағаны және жалпы ұйымдастырылу деңгейінің өте төмен болғаны да айтылды. Бұл жағдай туралы сізге алдын ала ескертілді ме? Қателік нақты қай тұстан кетті деп ойлайсыз?

– Бұл жекпе-жекті ұйымдастырған – менің промоутерім емес. Қазіргі уақытта оның міндеті –жаңа промоушн ресми түрде ашылғанға дейін бізді жекпе-жектерге шығарып, гонорарымызды қамтамасыз ету. Ол тек келесі жылы басталатын жаңа жобаны күтіп отыр. Ал бұл жекпе-жек жергілікті промоушнның өз мүмкіндігінше ұйымдастырған іс-шарасы. Осы тараптан кеткен кемшіліктерге біздің еш қатысымыз жоқ. Біз тек мансабымызды ілгерлету мақсатында және нәтижемді жақсарту үшін рингке қөтеріліп, жекпе-жек өткіздік. Бұл жекпе-жектер түсірілді. Жергілікті телеарналардан көрсетілді.

– Менеджеріңіз Зия Алиев «Иван Дычконы Сауль «Канело» Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы жекпе-жектің кардына шығаруды жоспарлап отырмыз» деп мәлімдеді. Бұл қаншалықты рас ақпарат? Сізге мұндай ұсыныс түскен жоқ па?

– Шынымды айтсам Зияның не айтқанын нақты білмедім. Бірақ «Канело мен Теренс Кроуфордының андеркардына (Undercard) қоямыз» деген сыбыс болды. Екеуінің айқасы біздің қыркүйекте ұйымдастырғалы отырған жекпе-жегімізге тұспа-тұс келіп тұр. Олармен бірге шаршы алаңға шықсақ керемет болар еді. Мен әзірге анық-қанығын білмеймін. Сол кеште шығамыз ба, нақты хабарым жоқ. Ол жағы қашан нақты анықталатыны белгісіз. Менің бір білетін дүнием, жаңа жобамыз келесі жылы қаңтар айынан басталады. Бұған қоса, бұл – жеке промоушнмен қатар, Дана Уайт пен жоғарыда атап өткен компаниямен бірлесіп жүзеге асырылатын ауқымды жоба болмақ.

– Бұған дейін проумоутеріңізбен, менеджеріңізбен құқықтық проблемалар болғанын білеміз. Қазір бәрі шешілді деп айттыңыз. Енді басқа промоутерлерден ұсыныс түсіп жатқан жоқ па?

– Біз әлгі кикілжіңді өзара шешіп алдық. Қазіргі уақытта мен Харис Уитмон есімді промоутермен жұмыс істеп жатырмын. Ол – Zuffa жобасын бастаған адам. Бұл жоба бокста TKO Group Holdings промоушнымен бірлесіп жүзеге асырылуда және ММА-дағы UFC сияқты ауқымды құрылым болмақ. Жобаға Дана Уайт пен менің менеджерім Харис Уитмон тікелей қатысады. Ал қазіргі өткізіліп жатқан жекпе-жектеріміз – осы жобаға дайындықтың бір бөлігі. Біз тек формадан шықпау үшін және үздіксіз жаттығу мақсатында рингке шығып жүрміз.

– Сіздің кәсіби бокста абсолютті әлем чемпионы болуды мақсат етіп отырғаныңызды білеміз. Алайда бұл жолға күмәнмен қарайтын жанкүйерлер де бар. Тіпті кейбірі төрт белбеудің бірін иеленудің өзі қиын дейді. Мұндай пікірлерге не айтасыз?

– Менің Zuffa жобасына өткен себебім – ол жерде UFC-дағы сияқты бір ғана белбеу яғни бір чемпион болады. Яғни, кім мықты сол чемпион болады. Сондай-ақ деңгей жоғары болмақ. Нағыз кіл мықтылар жұдырықтасады. Расы керек, мен сол жобаны асыға күтіп отырмын. Осы жылы қыркүйек айында бір жекпе-жек өткіземіз. Одан кейін жаңа жобаға кірісе бастаймыз.

Данияр Елеусінов бес жылдық үзілістен кейін АҚШ-та жеңіске жетті

Назым Қызайбай көпбалалы отбасыларға қаржылай көмек көрсетті

Жәнібек Әлімханұлының белбеуіне міндетті үміткер анықталады

22 жасқа дейін Қазақстан құрамасының бапкері шәкірттеріне 40 келі қазы сатып алды

Дереккөз: 1bol.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или