Қазақстандық дзюдошы АҚШ-та өткен турнирдің бірінде ауыр жарақат алып қалды

Америкада тұратын жерлесіміз, дзюдодан әуесқой спортшы Жасұлан Жұмағали ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл туралы актер әрі блогер Нұртас Адамбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, спортшы жарыстардың бірінде мойын омыртқасын сындырып, шұғыл түрде операция жасатқан.
Естеріңізде болса, Жасұлан жуырда Сан-Диегода өткен California State Games жарысында тоғыз кездесу өткізіп, 1 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алған болатын. Осы жетістігін әлеуметтік желіде бөліскен еді. Алайда көп ұзамай қайғылы жағдай болған.
Нұртас Адамбай өзінің жазбасында былай деп мәлімдеді:
«Құрметті достар, біз сіздерге үндеу жолдап отырмыз. Жерлесіміз Жасұлан соңғы жарыстардың бірінде ауыр жарақат алып, мойын омыртқасын сындырып, шұғыл ота жасатты.Қазір оның денесі ештеңе сезбейді, қол-аяғы ісіп кеткен. Алда ұзақ оңалту кезеңі тұр. Мақсатымыз – Жасұланның қайта аяғынан тұруына көмектесу. Емделу, ота және медициналық қызмет құны өте қымбат. Себебі Жасұлан АҚШ-та тұрады және дәл қазір сол жақтағы ауруханада жатыр. Отбасы осы шығындарды өтеу үшін шұғыл қаржылай көмекке зәру».