«Барыс» пен Қазақстан құрамасының экс-хоккейшісі Канада құрамасының тізгінін ұстады

«Барыс» пен Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы Мартен Сен-Пьер қазір Австралияда өтіп жатқан Ice Hockey Classic 2025 турнирінде Канада құрамасының бас бапкері ретінде жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды Prosports.kz.
Оны бұл қызметке тағайындағанын турнирдің директоры Керри Гуле растаған болатын. Ол Сен-Пьердің кәсіби мансабын ерекше атап өтті: АХЛ, НХЛ және КХЛ-да 1000-нан астам матч, соның ішінде АХЛ-да 587 ойын, 576 ұпай, КХЛ-да – 241 матчта 130 ұпай және НХЛ-де 39 матчта 8 ұпай. Гуле оның ойыншы ретіндегі құлшынысы бапкерлік қызметте де көрінетінін айтты.
26 шілдеде басталған турнир аясында АҚШ құрамасы алдымен «Канберра Брэйв» клубын жеңсе, 30 шілдеде Канададан да басым түсті – 8:6. Тағы екі кездесу 1 және 2 тамыз күндері өтеді.
Айта кетейік, Мартен Сен-Пьер 2015–2018 жылдары «Барыс» сапында өнер көрсетіп, 2017 және 2019 жылдары әлем чемпионаттарында Қазақстан құрамасының намысын қорғаған.