Назым Қызайбай көпбалалы отбасыларға қаржылай көмек көрсетті

Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Әлемнің үш дүркін чемпионы қазақстандық боксшы қыз Назым Қызайбай игі іс жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұған дейін Назым әлеуметтік желі арқылы биыл 1-сыныпқа баратын балалардың ата-аналарынан байланыс нөмірлерін сұраған болатын. Жақында Stories бөлімінде жариялаған жазбасында ол мынадай жүрекжарды сөз қалдырды:
«Жаттығудан кейін өзіме тәнті болып келе жатырмын. Минус 2 миллион, 40 бақытты бала + күлімдеген көпбалалы ата-аналар. Жақсылық санмен емес, жүрекпен өлшенеді.
Әлі де мұқтаж отбасы көп. Игі іске атсалысамын деген жандар болса қосылуға шақырамын», - деп жазды спортшы.
Бұл жазбадан белгілі болғандай, Назым Қызайбай жаңа оқу жылы қарсаңында 40 баланың мектепке дайындығына демеушілік жасап, көпбалалы отбасыларға көмек көрсеткен. Жеңіс рингте ғана емес, жүрекпен жасалған жақсылықта да екенін дәлелдеген боксшы оқырманның ыстық ықыласына бөленді.