«Қайрат» футзал клубына жаңа бас бапкер келеді

Алматының АФК «Қайрат» клубы жаңа бас бапкер таңдауда маңызды шешім қабылдады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұған дейін команда тізгінін бразилиялық маман Алемаоға тапсыру жоспарланған болатын. Тараптар алдын ала келіссөз жүргізіп, маман клубпен жұмыс істеуге келісім берген. Алайда жеке отбасылық себептерге байланысты Алемао бұл шешімнен бас тартты — нақтырақ айтқанда, оның жары Қазақстанға көшіп келуге қарсы болған.
Осыған байланысты «Қайрат» өз назарын тағы бір бразилиялық маманға — Даниэль Жуниорға аударды. Қазіргі таңда ол Бразилияның «Кампу Моурау» клубын жаттықтырып жүр. 45 жастағы жаттықтырушымен келіссөздер сәтті өтіп жатыр, және тараптар жақын күндері келісімге келуі әбден мүмкін.
Даниэль Жуниордың бапкерлік мансабында бірқатар жетістіктер бар. Ол 2022 жылы Бразилия Кубогының U20 санатында жеңімпаз атанып, сол жылы Парана штатының Алтын серия чемпионы болған. Сонымен қатар, 2020 жылы Бразилия Кубогының күміс жүлдесін иеленді. Халықаралық аренада да жетістіктері аз емес — Оңтүстік Америка чемпионатында 17 және 18 жасқа дейінгі құрамалармен екі мәрте чемпион атанған.
Егер келісім толық күшіне енсе, Даниэль Жуниор «Қайраттағы» алғашқы ресми кездесуін 23 тамыз күні Уральск қаласында өткізеді. Бұл күні алматылық команда ел Кубогының қазіргі иегері — «Семей» клубымен кездеседі.
🔹«ҚАЙРАТ ФУТЗАЛ» серіктесі - «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ
🔹 «ҚАЙРАТ ФУТЗАЛ» Бас серіктесі – «Самрұқ Қазына» ҰӘҚ» АҚ