Өзбекстандық Олимпиада чемпионының допинг сынамасы оң нәтиже көрсетті

2024 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Өзбекстан құрамасының боксшысы Лазизбек Муллажоновтың допинг сынамасынан тыйым салынған зат табылды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл туралы Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) ресми түрде хабарлады.
Агенттік мәліметінше, 2025 жылдың 11 маусымында жарыстан тыс уақытта алынған сынама нәтижесінде спортшы ағзасынан метастерон метаболиттері анықталған. Метастерон — Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген анаболикалық стероид. Бұл зат бұлшық еттің жылдам өсуіне, күш пен төзімділіктің артуына әсер етеді және оны кез келген уақытта қолдануға қатаң тыйым салынған.
Спортшыға бұл жағдай туралы ресми түрде хабарланды. Енді Муллажонов B сынамасын талдауға немесе өз көзқарасын білдіруге құқылы. Егер B сынамасы да A сынамасындағыдай нәтиже көрсетсе немесе спортшы одан бас тартса, бұл допинг ережелерінің бұзылуы ретінде тіркеледі.
Лазизбек Муллажонов – алғашқы ауыр салмақта өнер көрсететін танымал боксшы. Ол 2024 жылы Париж Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс: 2022 жылы Азия чемпионатының финалында Қамшыбек Қоңқабаевты, ал 2023 жылы Нұрсұлтан Аманжоловты бірінші раундта нокаутпен жеңіп, үлкен резонанс тудырған еді.
Бұл жағдай халықаралық бокстағы әділдік пен тазалық мәселелерін қайта көтеріп отыр. Алдағы уақытта спортшының тағдыры мен медаліне қатысты нақты шешім B сынамасының қорытындысынан кейін белгілі болады.