Геннадий Головкин Сингапурдың Refract Technologies Pte. Ltd. компаниясымен кездесу өткізді

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Сингапурдың Refract Technologies Pte. Ltd. компаниясымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компания иммерсивті технологиялар, XR және жасанды интеллект саласындағы шешімдерді әзірлеуге маманданған.
Кездесу барысында компания өкілдері өзінің басты жобасы – виртуалды ортада адамның бүкіл денесінің қозғалысын бақылауға арналған AXIS жүйесін таныстырды. Бұл жүйе бүгінде таеквондо секілді виртуалды спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстарда қолданылады. Қатысушыларға виртуалды таеквондо және бокс форматында технологияның мүмкіндіктері көрсетілді.
Компания World Boxing федерациясымен бірлесіп виртуалды боксты дамыту бойынша қанатқақты жобаны жүзеге асыруға, соның ішінде тестілік жекпе-жектер ұйымдастыруға қызығушылық танытты. Refract Technologies сондай-ақ өз жүйесінің баламаларға қарағанда басты техникалық артықшылықтарын егжей-тегжейлі таныстырды.
Атап айтқанда, бұл технология спортшының дене қозғалыстарының барлығын виртуалды ортада нақты көрсетіп, арақашықтықты дәл сезінуге және қарсыласпен әрекеттесуге мүмкіндік береді. Мұндай механизмдер спортқа, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге, қауіпсіз әрі тартымды формат арқылы кеңірек аудиторияны қалыптастыруға жол ашады.
Refract Technologies өкілдері виртуалды боксты Сауд Арабиясында өтетін Олимпиадалық киберспорт ойындарының жарыс бағдарламасына енгізуге мүдделі. Сонымен қатар компания бұл спорт түрін жекелеген елдер деңгейінде де енгізу мүмкіндігін қарастыруда.
Қазіргі уақытта Refract Technologies көптеген Халықаралық спорт федерацияларымен тығыз жұмыс істеп, виртуалды форматтарды әзірлеу бойынша ұсыныстар алып отыр.
Кездесу қорытындысында тараптар спорттық дайындық пен спортты танымал ету мақсатында инновациялық шешімдерді қолдануға қызығушылық білдірді.
Анықтама: Refract Technologies Pte. Ltd. – 2018 жылы негізі қаланған Сингапурлық технологиялық компания. World Taekwondo және Global Esports Federation сынды халықаралық спорт ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатқан. Компанияның бастамасымен виртуалды таеквондодан әлем чемпионаты ұйымдастырылған.