WBC Родригестің жеңісін жоққа шығарып, Яфайға белбеуді қайтарды

Маусымның 22-сі күні Бирмингемде өткен жекпе-жекте Франсиско Родригес Галал Яфайды жеңіп, уақытша чемпион белбеуін иеленген еді. Алайда кейінгі допинг сынамасы мексикалық боксшының ағзасынан тыйым салынған гептаминол затын анықтаған. Осыған байланысты WBC шешімімен жекпе-жектің нәтижесі жойылып, титул Яфайға қайтарылды.
Ұйымның мәліметінше, Родригес бұл затты абайсызда қолданған. Дегенмен ол 2026 жылдың 21 маусымына дейін сынақ мерзімінде болады. Осы кезеңде VADA үш рет күтпеген тексеріс жүргізуге тиіс, әрі бұл сынамалар боксшының жеке қаражаты есебінен өтеді.
Сонымен қатар, Родригес WBC антидопинг комитетінің арнайы білім беру бағдарламасынан өтуі қажет. Егер осы кезеңде тағы да ереже бұзса, ол WBC жекпе-жектерінен өмір бойы шеттетілуі мүмкін.
Ресми шешімге сай реванш ұйымдастырылады. WBC бұл жөнінде Британ бокс бақылау кеңесіне тиісті сұраныс жолдады.