Жібек Құламбаева Қазақстан чемпионатында топ жарды

Елордада теннистен ересектер арасында Қазақстан чемпионатының жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Әйелдер арасында осы жарыстың 1-ракеткасы Жібек Құламбаева қарсылас шақ келтірмеді.
Жібек финалда чемпионаттың үшінші ракеткасы болып тіркелген Аружан Сағындықованы тартысты матчта 6:4, 7:6 (7:5) есебімен ұтты.
Осылайша, Ж.Құламбаева елімізде мықты теннисшілердің бірі екендігін тағы бір дәлелдеді.
Полина Слепцованы 7:6 (7:5), 7:5 есебімен жеңген Іңкәр Дүйсебай қола жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, ерлер арасында қарағандылық, 17 жастағы Әмір Омарханов пен Теміртау теннис мектебінің түлегі, өткен жылғы жеңімпаз Григорий Ломакин чемпиондық атақты сарапқа салды. Бірінші партияда Әмір 6:1 есебімен айқын басымдылық көрсетті. Екінші сетте Ломакин арқасының жарақатына байланысты ойынды жалғастыра алмады.
Осылайша, Ә.Омарханов ересектер арасында алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды.
Қола жүлде Ислам Орынбасардың үлесіне тиді. Оның қарсыласы Тимур Мәуленов жарақатына байланысты кортқа шыға алмады.