Қазақстан чемпионатының финалына шыққан теннисшілер белгілі болды

Елордада ересектер арасында теннистен өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында финалға шыққан ойыншылар анықталды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ерлер арасында турнирдің екінші ракеткасы, әлемдік ITF Juniors рейтингісінде 23-орында тұрған 17 жастағы Әмір Омарханов жартылай финалда Ислам Орынбасарды 6:2, 4:6, 6:3 есебімен ұтты.
Әмір Омарханов ересектер арасында Қазақстан чемпионатында алғаш рет алтын медаль үшін таласатынына қуанышты екендігін жеткізді.
Екінші жартылай финалда өткен жылғы чемпион Григорий Ломакин аса тартысты матчта Тимур Мәуленовті 7:6 (7:5), 7:6 (7:2) есебімен қапы қалдырды.
Әйелдер арасында чемпионаттың бірінші ракеткасы Жібек Құламбаева өзінің фаворит екендігін дәлелдеп, 18 жастағы Іңкәр Дүйсебайдан айласын асырды — 6:1, 6:3.
Екінші жартылай финалда Аружан Сағындықова Полина Слепцованы жолдан тайдырды — 6:3, 6:2.
— Ел чемпионатының финалына шыққаныма өте қуаныштымын. Жібекпен матчтың оңайға түспейтінін жақсы білемін. Ол — тәжірибелі ойыншы, көп жылдан бері жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Дегенмен мен де қарап қалмаймын. Мұндай бәсекелер шеберлігімізді шыңдайды, — деді Аружан Сағындықова.