Министр «Қызылжар» бапкерінің жалақысына қатысты пікір білдірді

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов «Қызылжар» клубының бас бапкері Әли Әлиевке байланысты туындаған жалақы мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұқаралық ақпарат құралдарында бапкердің айлығы 10 миллион теңге болғаны жазылған еді.
Министр бұл сұраққа алғашында қысқа жауап берді: «Федерация бапкердің әрекетін дұрыс деп есептейді. Еңбек инспекциясы келісімді заңды деп таныды. Әлиев кассациялық шағым түсіріп жатыр. Қазірше нақты ұстанымымыз жоқ».
Кейін министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтып, жалақыға клубтың өзі жауапты екенін жеткізді. Қазір бұл мәселе құқық қорғау органдары мен жергілікті әкімдік деңгейінде қаралып жатыр.
Сондай-ақ, министр жаңартылған заңнамада бюджет есебінен төленетін жалақының шекті көлемі — 2 миллион теңге екенін еске салды. Қалғаны клубтың өзге қаржы көздерінен төленуі тиіс.
Әли Әлиев «Қызылжарға» 2023 жылдың 1 маусымында бас бапкер болып тағайындалған. Бастапқыда келісімшарт 6,5 миллион теңгеге жасалып, алты айдан кейін 10 миллионға дейін өскен. Даулы жағдай клуб басшылығы ауысқаннан кейін туындаған.