2036 жылғы жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындары Катарда өтуі мүмкін

Катар Ұлттық Олимпиада комитеті (ҰОК) Халықаралық Олимпиада комитетімен (ХОК) 2036 жылғы Жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізу мүмкіндігі жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz.
Катар тарапы спортты жастардың әлеуетін дамытуға, халықтар арасындағы диалог пен мәдениетаралық түсіністікті нығайтуға ықпал ететін құрал ретінде көргісі келетінін атап өтті. Сонымен қатар елдің ұлттық даму жоспарының негізі ретінде «Бейбітшілік үшін спорт» қағидаты қабылданғаны да айтылды.
Катар ҰОК президенті Жоан бин Хамад Әл-Тани елде Олимпиаданы өткізу үшін қажетті спорттық инфрақұрылымның 95 пайызы дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, 2028 жылғы Жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында, ал 2032 жылы Аустралияның Брисбен қаласында өтеді.
Еске салайық, 2022 жылғы футболдан әлем чемпионаты да Катарда ұйымдастырылған болатын.