Бұрынғы UFC чемпионы шілдеде өтетін Alash Pride турниріне келмейді

UFC-нің бұрынғы чемпионы Алджамейн Стерлинг 25 шілдеде өтетін Alash Pride турниріне Шымкентке келмейді, деп хабарлайды Prosports.kz
Бастапқыда оның қазақстандық файтер Ержан Естановпен грэпплинг жекпе-жегі жоспарланған болатын, бірақ жекпе-жек өтпейді.
"Жігіттер, мен қыркүйекте келемін. Шілдеде емес", - деп Стерлинг әлеуметтік желіде пікір білдірді.
Бейресми ақпарат бойынша, бас тартуға америкалықтың Шанхайда UFC Fight Night аясында 23 тамызға жоспарланған Брайан Ортегаға қарсы жекпе-жекке дайындығы себеп болуы мүмкін.
Стерлингтің Қазақстанға сапары осымен екінші рет кейінге шегеріліп отыр. Мамыр айында ол Астанаға бұрынғы ONE чемпионы Қайрат Ахметовпен грэпплинг жекпе-жегіне келе алмады. Содан кейін оның орнын басқа UFC чемпионы Генри Сехудо басты, ол бастапқыда тек мерейтойлық Alash Pride турниріне құрметті қонақ ретінде қатысуды жоспарлаған.
Ұйымдастырушылар Шымкентте Естановпен жекпе-жекте Стерлингтің орнына кім шығатынын әлі жариялаған жоқ.