U22 Азия чемпионатына баратын құрам қаншалықты тәжірибелі?

U22 Азия чемпионатына баратын құрам қаншалықты тәжірибелі?

World Boxing ұйымының U19 және U22 жас санаттары бойынша алғашқы Азия чемпионатына санаулы күндер ғана қалды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

30 шілде - 12 тамыз аралығында Бангкокте (Таиланд) өтетін сары құрлықтың додасында 25 елден 396 боксшы (237 ер және 159 әйел) тіркелді.

Олардың арасында Қазақстан, Ауғанстан, Филиппин, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирак, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Қатар, Қытай, Сингапур, Шри-Ланка, Таиланд, Түркіменстан, Өзбекстан, БАӘ, Въетнам, Бутан қатысуға ниет білдірді.

Бұл жарыстың басты ерекшелігі - Бақыт Сәрсекбаевтың бапкер ретіндегі жұмысы көрінбек. 2 ай бұрын ғана Шри-Ланкада 10 алтын, 2 күміс алған Бақыт Сәрсекбаевтың құрамы осы жолы айтарлықтай өзгерген. Оның қол астындағы боксшылардан тек Нұрислам Қалдыбаев (60 келі), Аман Қонысбеков (75 келі), Азатбек Жолдасхан (85 келі) ғана бар. Өзге спортшылар ұлттық құрамның тізіміне кіреді. 

Бақыт Сәрсекбаев (U22 аға бапкері):

«Таиландтағы U22 Азия чемпионатына Ыстықкөлде Қырғызстан құрамасымен бірге оқу-жаттығу өткіздік. Осы жолы бірқатар ұлттық құраманың боксшыларын берді. Барлығы шынайы болу үшін, әр салмақта спарринг өткіздік. Бәсекелестік жоғары деңгейде болды. Тізімге кірген жігіттердің барлығы да Таиланд төрінен жүлде алуға тас-түйін дайын».

Кімдер барады?

50 келі. Нұрзат Оңғаров

2024 жылы 48 келіде Қазақстан чемпионатының финалына дейін жетіп, жаңа есімдердің қатарына кірді. Биыл Испаниядағы Boxam халықаралық турнирінде топ жарды және Thailand Open жарысында қола жүлдегер атанды. Бразилиядағы Әлем кубогы кезеңінің қатысушысы.

55 келі. Бексұлтан Боранбек

2024 жылғы 51 келідегі жастар арасында әлем чемпионы. Ересектер сапына биыл ғана ауысып, 55 келіге ауысуға шешім қабылдады. Сербия және Әзербайжандағы турнирлерге қатысып үлгерді.

60 келі. Нұрислам Қалдыбаев

Шри-Ланкадағы U22 Азия чемпионы

65 келі. Илья Калинин

2024 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (67 келі). Былтыр Қарақозы Әбдәлиевті еске алу турнирінде Дулат Бекбауовтан басым түсіп, сенсация жасады. 2025 жылы тек Сербиядағы халықаралық бәсекеге қатысты. Алғашқы ірі додасы болмақ.

70 келі. Нұрбек Мурсал

2022 жылғы жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Биыл «Жібек жолы» (Әзірбайжан) мен Сербиядағы турнирде чемпион атанды. Сербияда топ жарып қана қоймай, «Үздік боксшы» номинациясын жеңіп алды.

75 келі. Аман Қонысбеков

Шри-Ланкадағы U22 Азия чемпионы

80 келі. Санжарәлі Бегалиев

2024 жылғы 75 келідегі жастар арасында әлем чемпионы. 75 келіде Сербиядағы турнирде топ жарып, «Жібек жолы» (Әзірбайжан) жарысында финалға дейін жетті. Енді 80 келіге көтерілмек.

85 келі. Азатбек Жолдасхан

Шри-Ланкадағы U22 Азия чемпионы

90 келі. Темірлан Мұқатаев

2024 жылы 86 келіде Қазақстан чемпионы атанды. Биыл Испаниядағы Boxam турниріне ғана қатысты. 90 келіде алғаш рет жүлдеге таласып көрмек.

+90 келі. Нұрасыл Асылхан

2024 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері. Бірінші мәрте мүмкіндік берілмек.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или