Қазақ балуандарының Азия чемпионатына дымсыз барғаны белгілі болды

Биыл 7-14 шілде аралығында Бішкекте күрес түрлерінен жастар мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстан балуандары сары құрлықтың басты бәсекесіне формасыз барған. Сол себепті марапаттау рәсімінде спортшыларымыз әртүрлі киіммен шығуға мәжбүр болыпты. Бұл туралы ел қоржынына еркін күрестен жалғыз алтын жүлдені салған Едіне Қасымбек 1bol.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Бізге Азия чемпионатына форма берілмеді. Енді әлем чемпионатына дейін беріледі деп үміттеніп отырмыз. Бізге түсіндіргенде Азия чемпионатына форма бере алмаймыз – деп айтты. Сондықтан біз жарысқа формасыз бардық. Бұл жағдай біз үшін ыңғайсыз болды», – дейді Едіге Қасымбек.
Ал, Sportbugin сайтына сұхбат берген грек-рим күресінен U20 құрамасының жаттықтырушысы Айдын Сәрсекеев жарысқа бару үшін несие алғанын айтып отыр.
«Маған толық құраммен бармай, бір балуанды алып тастауды өтінді. Өйткені, барлығының шығынын көтеруге орталықтың қаражаты жетпейді екен. Бірақ бәрі жарысқа бара жатқанда, бір балуанды көзін жәутеңдетіп тастап кеткім келмеді. Бапкер ретінде маған бөлінген қаражатты спортшыға беріп, команданың жарысқа толық құрамда барғанын қаладым. Ал өзім банктен 500 мың теңге кредит алдым. Жол шығыны, жатын орын мен тамаққа барлығы 480 мың теңге кетті. Келген соң осы шығынның бәрін ұйымға көрсетіп, есеп бердім. Олар бұл қаражатты қайтарып беруге уәде етті», — дейді Сәрсекеев.
Жарысқа ұлттық құраманы апару шығынын Олимпиадалық даярлау орталығы көтеруі тиіс. Орталық басшысының орынбасары Әділет Кусманов балуандарға киім тігіп үлгере алмай қалдық дейді.
«Күрес түрлерінен Бішкекте өткен Азия чемпионатына команда формасыз барды. Оның себебі жоқ емес. Бұған дейін түрлі жас деңгейіндегі командаларға форма тігуді бір ұйым қолға алуы тиіс еді. Бірақ бұл іс аяқсыз қалды да, біз форманы қайтадан өз қолымызға алдық. Азия чемпионатына дейін форма тігіп үлгермедік, енді тамызда өтетін әлем чемпионатына форма дайын болады. Вьетнамда өткен U17, U23 Азия біріншілігіне форма берілді. Басшымыз сол форма жайлы айтқан шығар. Ал Айдын Сәрсекеевке келетін болсақ, онымен бұл жағдай келісілді. Біз спортшыларды қысқартуды сұрадық, ол өз орнын балуанға беріп, өз еркімен несие алды. Барлық спортшыны қаржыландыруға бюджет қаражаты жеткіліксіз», — деді Кусманов.