Биволдың бапкері Усикті Әли мен Тайсоннан не ерекшелейтінін айтты

Ресейлік танымал бапкер, Дмитрий Биволмен жұмыс істейтін Геннадий Машьянов Александр Усиктің Дэниел Дюбуамен болған жекпе-жектегі жеңісіне пікір білдірді, деп жазады Prosports.kz.
— Усик әлі де ең жоғары деңгейде жұдырықтасып жүр. Ешқандай құлдырау жоқ. Керісінше, күші мен физикалық дайындығы жақсарғандай. Бұл оның еңбекке деген қарым-қатынасын, тәртібін көрсетеді. Қазір Усик үшін бокс – басты нәрсе, тіпті өмірінің мәні деуге болады. Бұрынғы Майк Тайсон мен Мұхаммед Әли сынды боксшылар жоғары жетістікке жеткен соң, босаңсып кеткен. Ал Усик керісінше, жауапкершілікпен қарап жүр. Оны өзгелерден ерек етіп тұрған да – осы, — деді Машьянов MMA.Metaratings.ru-ға берген сұхбатында.
20 шілдеге қараған түні Лондонда өткен бокс кешінде Усик бесінші раундта Дюбуаны нокаутқа түсіріп, ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атағын қайта жеңіп алды. Қазір оның еншісінде 24 жеңіс (15 нокаут) және бірде-бір жеңіліс жоқ. Дюбуаның көрсеткіші — 22 жеңіс, 3 жеңіліс.