Әлемнің ең егде жастағы марафоншысы қайтыс болды

Әлемдегі ең қарт марафоншы ретінде танылған Фауджа Сингх Үндістанның Пенджаб штатында көлік қағып кеткеннен кейін 114 жасында көз жұмды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл туралы оның өмірбаянын жазған Хушвант Сингх мәлімдеді. Қайғылы оқиға 14 шілде күні спортшының туған ауылында болған. Жол апатына кінәлі адам табылмады. Сол күні кешке Сингх Джаландхар қаласындағы жеке клиникада алған жарақатынан қайтыс болды.
Фауджа Сингх жүгіруді 89 жасында бастаған. Осы уақыт ішінде ол тоғыз марафонға қатысып, соңғысын 101 жасында жүгіріп өтті. Оның жеке рекорды – 5 сағат 40 минут – 2012 жылы Торонто марафонында тіркелген. Сингх 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында алау ұстап шыққан және 2015 жылы Ұлыбритания империясының медалімен марапатталған.
Өмірбаянына сүйенсек, ол бес жасқа дейін жүре алмаған, өмірінің көп бөлігін фермер болып өткізген. 1992 жылы әйелі өмірден өткен соң Ұлыбританияға қоныс аударған. Жақындарынан – жұбайы, ұлы мен қызынан айырылуы оны күйзелтіп, спорт оның өміріне жаңа мән берген.
Карьерасын аяқтағаннан кейін ол Дэвид Бекхэм және Мұхаммед Әлимен бірге жарнамаға түсті, жануарлар құқығын қорғау қозғалыстарына қатысты. Оның 90 жастан асқан жастағы спорттық нәтижелері Ұлыбританияда және әлемде ресми түрде тіркелген.