Айти-Нагоя-2026 жазғы Азия ойындарының спорттық бағдарламасы бекітілді

Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) Атқарушы комитеті 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтетін 20-шы Азия ойындарының соңғы спорттық бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шешім ұйымның бірінші вице-президенті Тимоти Фок төрағалық еткен Атқарушы комитеттің онлайн отырысында бірауыздан қабылданды.
Ойындар бағдарламасына 68 дисциплинаны қамтитын 41 спорт түрі кірді. Спортшылар жалпы 460 медаль жиынтығын сарапқа салады. Оның ішінде ерлер арасында – 217, әйелдер арасында – 204 және аралас жарыстарда – 39 медаль жиынтығы ойнатылады.
Бағдарламаға жеңіл атлетика, жүзу, футбол, теннис сияқты олимпиадалық спорт түрлерімен қатар, аймаққа тән немесе жаңа дисциплиналар да енгізілді. Олардың қатарында киберспорт, брейкинг, сепактакрау, ушу және кабадди бар. Сондай-ақ жарыстарға бокс, дзюдо, регби-7, ауыр атлетика, қазіргі бессайыс, семсерлесу, скейтбординг, ескек есу, желкенді спорт және жекпе-жек өнерлері (джиу-джитсу, кураш, ережесіз жекпе-жек) сияқты спорт түрлері де енді.
Айта кетейік, Жапония Азия ойындарын үшінші рет қабылдайды. Бұған дейін бұл ел 1958 жылы (Токио) және 1994 жылы (Хиросима) өткен ойындардың қожайыны болған еді.