Қазақстанда допинг қағидаларына өзгерістер енгізілді

Туризм және спорт министрінің «Допингке қарсы қағидаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 18 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Спорттағы допинг қолданудың алдын алу мақсатында Ұлттық допингке қарсы ұйым жаңартылған талаптарды ұсынады:
— допингтің спортшыға және этикалық құндылықтарға тигізетін зияны;
— допинг қолданудың денсаулыққа әсері;
— допингті бақылау рәсімі;
— допингке қарсы күресте спортшылардың құқығы мен міндеті, оның ішінде Дүниежүзілік допингке қарсы кодекс және тиісті спорт ұйымдарының, допингке қарсы ұйымдардың саясаты туралы, сондай-ақ допингке қарсы ережелерді бұзудың салдары туралы ақпарат;
— тыйым салынған заттар мен әдістер тізімі, сондай-ақ терапиялық мақсатта допингті қолдануға рұқсат беру;
— тағамдық қоспалар туралы ақпарат.
— Допингке қарсы бақылау жүргізу мақсатында ұлттық немесе жергілікті аккредиттелген спорт федерациялары спортшыларды тестіден өткізуді ұйымдастыру мен жүргізуге жәрдемдесуі тиіс. Аталған тізім Ұлттық допингке қарсы ұйым ұлттық немесе жергілікті аккредиттелген спорт федерацияларынан алынған ақпарат негізінде жинақталады, — делінген құжат жобасында.
Жасақталған тізім Ұлттық допингке қарсы ұйымның интернет-ресурсында орналастырылады және ұлттық аккредиттелген спорт федерацияларына жолданады.
Айта кететін жайт, ұлттық немесе жергілікті аккредиттелген спорт федерациялары Ұлттық допингке қарсы ұйымның интернет-ресурсында тізім орналастырылған күннен бастап 5 күн ішінде спортшыларға олардың бұл тізімге енгізілгені жөнінде хабарлауға міндетті.
Бұйрық 2025 жылғы 26 шілдеде күшіне енеді.
Еске салайық, елімізде допинг қолданған спортшының бапкері де жауапқа тартылады.