Өткен маусым қорытындысы бойынша Қазақстанның ең үздік футзал бапкері белгілі болды

Қазақстан футзал қауымдастығы ел біріншілігінің 2024/25 жылғы маусымындағы ең үздік бапкерін анықтады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Дауыс беру қорытындысы бойынша бұл атақ МФК «Атырау» клубының бас бапкері Жақсылық Байсариевке бұйырды.
Дауыс беруге клубтардың басшылары, бас жаттықтырушылары мен капитандары, сондай-ақ АФК өкілдері – барлығы 41 маман қатысқан. Бұл – үздік бапкерді анықтау бойынша Қазақстанда өткен 17-ші дауыс беру. Биыл сауалнама парақтарында тоғыз түрлі жаттықтырушының есімі аталды.
35 жастағы Байсариев 2019 жылдан бері «Атырау» командасында түрлі кезеңдерде бас бапкер қызметін атқарып келеді. Өткен маусымда ол командасымен бірге ел чемпионатының қола жүлдесін екінші рет жеңіп алды. Дауыс беру нәтижесінде ол 22 ұпаймен сенімді басымдықпен жеңіске жетті.
Екінші орынға «Жетысу» клубының бас бапкері Биро Жаде (5 ұпай), ал үшінші орынға «Аят» командасынан Василий Смолин (4 ұпай) жайғасты.
Бұған дейін бұл атаққа ең көп ие болған бапкерлер қатарында Какау (5 рет), Әміржан Мұқанов (4 рет), Борис Глушков және Кака (2 реттен) бар. Сонымен қатар Ренат Камалетдинов, Жоао Карлос Барбоза мен Дави Мендонса да үздік бапкер атанған.
Үздік бапкерлер рейтингісі:
- 1. Жақсылық Байсариев («Атырау») – 22 ұпай
- 2. Биро Жаде («Жетысу») – 5
- 3. Василий Смолин («Аят») – 4
- 4–5. Аслан Смақов («Семей») – 3
- 4–5. Әміржан Мұқанов («Тұлпар») – 3
- 6–9. Марлон Веласко («Қайрат») – 1
- 6–9. Жозе Алесио («Ордабасы») – 1
- 6–9. Густаво Парадеда («Қайрат») – 1
- 6–9. Жақсылық Алишбаев («Каспий») – 1