Қазақстандық дзюдошы ұзақ үзілістен кейін жүлдеге қол жеткізді

Қазақстандық дзюдошы Дидар Хамза Қытай Тайбэйінде 12–13 шілде күндері өткен халықаралық Asian Open турнирінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ол 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Түркістан облысының өкілі төрт кездесу өткізді. 1/8 финалда оңтүстіккореялық Хонг Се Кимді жеңсе, ширек финалда тағы бір Оңтүстік Корея спортшысы Чжунг Су Кимнен басым түсті. Жартылай финалда Мин Ким Соннан ұтылып қалды.
Алайда қола медаль үшін белдесуде Дидар Хамза австралиялық Дэнни Войниковичті сенімді түрде жеңіп, турнирдің жүлдегері атанды.
Бұл – Дидар Хамзаның 2022 жылдан бергі алғашқы халықаралық медалі. Соңғы үш жылда ол халықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінбеген еді.
Айта кетейік, Дидар Хамза – 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы, 2016 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 2017 жылы жастар арасындағы әлем біріншілігінің және бірнеше Grand Slam мен Grand Prix кезеңдерінің қола жүлдегері. Ол сондай-ақ 2016 жылғы Рио және 2021 жылғы Токио Олимпиадаларына қатысқан. Қазіргі уақытта әлемдік рейтингте 575 ұпаймен 82-орында тұр.