Астанада өтетін халықаралық «Болашақ ойындарының» жүлде қоры белгілі болды

Астанада өтетін халықаралық «Болашақ ойындарының» жүлде қоры белгілі болды

Астанада өтетін халықаралық «Болашақ ойындарының» жүлде қоры 10 млн долларды құрайды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бұл туралы «Казспортинвест» акционерлік қоғамының президенті Алибек Хасенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті. Оның айтуынша, турнирдің жалпы бюджеті мен жүлде қоры 10 млн долларды құрап, 13 түрлі спорт және цифрлық технологиялар бағытындағы дисциплинаға бөлінеді.

«Бір жерде бюджет көбірек, бір жерде азырақ болады. Алайда барлық қаражат – бюджет те, жүлде де – тек демеушілердің есебінен қалыптасады», – деді Хасенов.

Ол сондай-ақ серіктестер мен инвесторларды тарту бойынша жұмыстар белсенді жүріп жатқанын айтты.

«Қазірдің өзінде отандық компаниялардың арасында жобаны қолдауға ниеттілер бар. Сонымен қатар біз бизнес-қоғамдастыққа жүгінеміз – сенімді серіктестер іздейміз. Солармен бірге «Болашақ ойындарын» жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік болады», – деп толықтырды ол.

Хасеновтің сөзінше, шетелдік компаниялармен де келіссөздер жүріп жатыр.

«Бұл тек қазақстандық аудитория үшін өткізілетін жергілікті халықаралық жарыс емес. Жобаның әлеуеті зор. Мысалы, Қазанда өткен алғашқы «Болашақ ойындары» 3,5 миллиард қаралым жинады. Алдағы уақытта жыл сайынғы аудитория арта береді деген сенім бар. Бұл өз кезегінде инвесторлар мен демеушілердің қызығушылығын арттырады», – деді ол.

Айта кетейік, «Болашақ ойындары» 2026 жылы 18 шілде мен 1 тамыз аралығында Астанада өтеді. Турнирге әлемнің 100-ге жуық елінен 1500-ден астам спортшы қатысады. Екі аптаға созылатын жарыстар 13 түрлі бағытты қамтып, дене белсенділігі мен цифрлық технологияны ұштастырады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или