Қазақстанда Еуропа чемпионаты мен УЕФА суперкубогының финалы өтуі мүмкін

ҚФФ президенті Марат Омаров «Qazsport» телеарнасына берген сұхбатында УЕФА Конференция лигасының финалын, УЕФА Суперкубогы матчын қабылдауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Биыл Александер Чеферин Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесті. Біз футболды дамыту мәселелері бойынша мазмұнды әрі терең пікір алмастық. УЕФА-мен күн сайын тығыз жұмыс істейміз. Олар біздің әдістемелік серіктесіміз, VAR жүйесі сынды заманауи жобаларды енгізуге көмектеседі. Федерацияға жыл сайын қаржылай қолдау көрсетеді. Біз 2027 жылы УЕФА Конгресін қабылдауға дайынбыз. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларында Конференциялар лигасының финалы немесе Суперкубокты өткізуге ресми ұсыныс бердік. Оған Қазақстан дайын. Қазір елімізде жаңа стадиондардың құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, U-21 және U-19 жасөспірімдер құрамалары арасында Еуропа чемпионаттарын өткізу жоспарымызда бар», – деді Марат Омаров.
Айта кетейік, Еуро U19 немесе Еуро U21 біріншілігі Алматы, Талғар және Қонаев қалаларында өтуі мүмкін.