«Ордабасының» ойыншысы екі ойынға шеттетілді

Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этика комитеті (КДЭК) «Ордабасы» – «Қызылжар» (0:0) матчындағы тәртіп бұзушылықтарға қатысты бірқатар шешім қабылдады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Шымкенттік клубтың тірек жартылай қорғаушысы Дарио Чанаджа қауіпті дөрекі ойыны үшін екі матчқа алаңнан шеттетілді. Хорват футболшысы бірінші тайм соңында қызыл қағаз алды.
Ол 16-турда «Астанаға» қарсы өткен ойынды (1:0) өткізіп алды. Сондай-ақ, «Жетысуға» қарсы 17-тур ойынына (20 шілде) қатыспайды.
Чанаджа «Ордабасы» сапында 2025 жылдың ақпанынан бері ойнап келеді. 15 матчқа қатысып, бірде-бір нәтижелі әрекетпен көзге түскен жоқ.
Сонымен қатар, бір ойында екі ойыншысының алаңнан қуылуына байланысты клубқа 100 АЕК (393 200 теңге) көлемінде айыппұл салынды.