«Тұран» «Қызылжармен» ойында төрешінің жұмысына наразылығын білдірді

«Тұран» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасы аясында өткен «Қызылжармен» ойындағы төрешінің жұмысына қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Бүгін өткен «Тұран» – «Қызылжар» арасындағы матчтың 86-минутында күмәнді эпизод орын алды. Аталған сәтте бас төреші Тимур Кумашев қарсылас команда пайдасына 11 метрлік айып добын белгілеп, бұл шешім ойын тағдырына тікелей әсер етті.
Тұран футбол клубы осы эпизод бойынша Қазақстан футбол федерациясының тиісті органдарына ресми наразылық хатын жолдады. Аталған сәтте төрешінің шешімі әділетсіз деп санаймыз және бұл шешімнің төрешінің бейтараптығына күмән тудыратын негіздері бар.
Сонымен қатар, ВАР жүйесінде отырған төреші Григорий Чеховскийдің бас төрешіні эпизодты қайта қарауға шақырмағаны да — айрықша сұрақ тудырып отыр. Бұл жағдай төрешілер тарапынан кәсіби талаптардың сақталмағанын көрсетеді.
Тұран футбол клубы бұл эпизодқа бейжай қарай алмайды және ойынның төрешілік қызметіне толыққанды тексеріс жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылуын талап етеді.