Келісілген ойын: Мексика мен Коста-Рика футбол басшыларына бес жылға шеттету жазасы берілді

Мексикалық екі футбол шенеунігі мен коста-рикалық клуб президенті келісілген матч ұйымдастырмақ болғаны үшін футболдан бес жылға шеттетілді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Коста-Рика футбол федерациясы жасаған ресми мәлімдемеге сәйкес, "Мунисипаль Турриальба" клубының бұрынғы менеджері Эрнесто де ла Торре, бас бапкері Энрике Валенсия және президенті Хосе Роландо Перейра 2023 жылдың ақпанында өткен ойынға байланысты тергеуге алынған. Олар команда ойыншыларына 10 ақпандағы матчта арнайы есеппен жеңілу үшін ақша ұсынғаны анықталған.
Алайда футболшылар мұндай ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып, тіпті клуб басшылығына наразылықтарын білдірген. Кейін клуб бұл жағдайды «сенімділікке тексеріс» деп түсіндірмек болды. Бірақ Дисциплинарлық комитет бұл әрекетті ауыр құқықбұзушылық деп танып, үш азаматты футболға қатысты кез келген қызметтен бес жылға аластады, ал істің материалдары ФИФА-ға жолданды.
Ресми қорытындыда клубтың өзі жазаға тартылмағанымен, басшылық тарапынан ойыншыларды қорғау және ескерту шаралары дер кезінде жасалмағаны үшін «бақылаудың болмауы мен салғырттық» деп бағаланған.