Чемпиондар лигасының форматы тағы да өзгереді

УЕФА Чемпиондар лигасының жаңа форматына тағы да өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр, деп жазады Prosports.kz. Бұл туралы The Sun басылымы инсайдерлік ақпаратқа сүйеніп хабарлады.
Естеріңізде болса, 2024/25 маусымынан бастап турнир швейцариялық жүйемен өтуде: 36 команда бір лигада өнер көрсетіп, әрқайсысы түрлі қарсыластармен 8 матчтан ойнайды. Алайда бұл формат жанкүйерлер мен сарапшылар арасында көп сұрақ туғызды.
УЕФА енді плей-офф кезеңіне қатысты бірқатар түзетулер енгізуі мүмкін:
-
1–8 орын алған клубтар бірден 1/8 финалға өтеді;
-
9–24 орын аралығындағы командалар қосымша айналымда плей-офф жолдамасын сарапқа салады. Жеңілгендер Еуропа лигасына өтпей, маусымды аяқтайды;
-
25–36 орын алған ұжымдар негізгі кезеңнен кейін бірден жарыстан шығады.
Басты жаңалық — жоғары орын алған командаларға өз алаңында қарымта матч өткізу мүмкіндігі беріледі. Жартылай финалда бұл артықшылық 1 және 2 орын алған клубтарға сақталады. Ал егер фаворитті төмен рейтингтегі клуб жеңсе, қарымта матчты өткізу құқығы соған өтеді.