Қазақстандық ауыр атлет Азия чемпионы атанды

Қазақстандық ауыр атлет Әлихан Әскербай Астанада өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қоссайыстың қорытындысы бойынша қазақстандық зілтемірші 310 (141+169) келіні еңсерді. Жасөспірімдер арасындағы жарыста ол бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ, Әлихан Әскербай жастар арасындағы Азия чемпионатында да жүлдегер атанып, қола медальді еншілеген еді.
Отандасымыз үш Азия рекордын және үш әлем рекордын жаңартты.
Айта кетейік, бұған дейін ел қоржынына екі медальді Ксения Прозорова салған болатын. Ол U17 санатында бірінші орынға ие болып, 20 жасқа дейінгі атлеттер арасында күміс жүлдегер атанды.
Ал 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (А тобы) сынға түскен Снежана Кашкарова жұлқа көтеруде 69 келіні бағындырып, қола жүлдеге ие болды. Ал серпе көтеруде ол 82 келіні еңсерді.
Еска салайық, чемпионат 4-10 шілде аралығында Qazaqstan спорт кешенінде өтеді.
Құрлықтық додаға Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Оңтүстік Корея, Кувейт және Азияның өзге де 25 мемлекетінен 300-ден астам спортшы келді.