«Ақтөбе» өз алаңында жеңіске жетті

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 15-турындағы екінші ойын күні мәресіне жетті.
Бұл күнгі соңғы екі кездесудің бірінде «Ақтөбе» мен «Атырау» шеберлік байқасты.
Аталған ойынның командалар үшін маңызы зор еді. Ақтөбелік клуб кейінгі бес ойында небәрі бір мәрте жеңіске жетіп, біреуінде түссе, қалғанында қарсыласына есе жіберіп қойды. Осының салдарынан турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алды.
Ал «Атырау» биылғы біріншілікте небәрі бір кездесуде жеңіске жетіп, екеуінде тең ойнаса, қалғанында жеңілістің ащы дәмін татты. Салдарынан турнир кестесінде небәрі бес ұпаймен он төртінші орынды місе тұтып тұр.
Ойын барысында ақтөбелік клубтан Жайро Жан 37, 80-минутта қос голдың авторы атанып, өз командасын жеңіске жетеледі.
Осылайша «Ақтөбе» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 32 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді. Бұл - ақтөбелік клубтың қатарынан екінші жеңісі.
Сондай-ақ «Елімай» (Семей) мен «Тобыл» (Қостанай) кездесуі көп гол соңуымен ерекшеленді.
Ойын барысында қостанайлық клубтан Марко Вукчевич 13, Ахмед Эль-Мессауди 45, Ислам Чесноков 70-минутта мергендік танытса, оған семейлік клубтан Роман Мұртазаев 59, Иван Свиридов 63-минутта екі голмен жауап қайырды.
Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.