Кака Қазақстан құрамасының Италиядан артықшылығын айтты

Қазақстан құрамасының футзалдан бас бапкері Пауло Рикардо Кака 2026 жылғы Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіндегі жеребеге қатысты пікір білдірді. Бұл кезеңде Қазақстан құрамасы Италиямен кездеседі, деп хабарлайды Prosports.kz.
– Италия — өте мықты қарсылас. Олар соңғы әлем чемпионатына қатыспаса да, тәжірибелі команда әрі әлемдік футзал көшбасшыларының біріне айналуға деген үлкен амбициясы бар. Бізді оңай матч күтіп тұрған жоқ, – деді Кака ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы үшін кішігірім, бірақ маңызды артықшылық — қарымта матчты өз алаңында өткізу:
– Кез келген команда үшін үйде қарымта ойын ойнау – психологиялық тұрғыдан артықшылық. Бірақ бұл бірінші матчты жақсы өткізудің маңызын жоймайды.
Алғашқы ойын 15 қыркүйекте Италияда өтеді, ал қарымта кездесу 24 қыркүйекте Қазақстанда болады. Екі команда да өз топтарында екінші орын алған. Бұған дейінгі ресми матчтарда Қазақстан Италияны екі рет жеңген: Еуро-2016 турнирінде 5:2, Еуро-2022 жарысында 4:1 есебімен.
2026 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі 20 қаңтар мен 7 ақпан аралығында Латвия, Литва және Словенияда өтеді.