Қазақстандық теннисші Уимблдон турниріне бапкерсіз барған

Қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаевтың тұрақты бапкері жоқ екені белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz.
— Қазір менің ресми бапкерім жоқ. Уимблдонға бір апта қалғанда Мексикадан фитнес-бапкер шақырдым. Екі аптадай бірге жұмыс істеп, бір-бірімізге сай келе ме, жоқ па соны анықтағымыз келеді, — дейді Жұқаев ulusmedia-ға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бұған дейін жарты жылдай хорват маманмен жаттыққан. Бірақ тұрақты келісім болмаған. Ара-тұра қазақстандық теннисші Александр Недовесовпен бірге дайындалған кездері де болған. Сол тұста Федерация тарапынан көмек көрсетілген. Алайда қазір жағдай мүлде басқаша.
— Қазірдің өзінде бір айдан асып кетті, менде не бапкер, не қандай да бір қолдау жоқ, - дейді спортшы.
Жұқаевтың бұл мәлімдемесі еліміздегі кәсіби теннис жүйесіндегі кейбір түйткілдерді аңғартқандай. Жас әрі талантты спортшыға сенімді команда мен тұрақты қолдау ауадай қажет. Әйтпесе, үлкен спортта жалғыз күресу оңай емес.