Рамазан Оразов ҚПЛ-ге оралуы мүмкін. Клубы белгілі болды

Қазақстан құрамасы мен даниялық «Силькеборг» клубының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов «Елімай» командасымен келісімшартқа отырады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл жайында «Серый CARDINAL» телеграм-арнасы жазды. Қазақстандық футболшы 2024 жылдың жазында «Тобылдан» Дания чемпионатына кеткен болатын. «Силькеборг» сапында 24 матч өткізіп, үш гол соқты. Бұған дейін ол Словенияның «Копер» клубында ойнап үлгерген, алайда 2024 жылдың қаңтарында бұл командамен келісімшарты мерзімінен бұрын бұзылған.
Қазақстан құрамасында алғашқы ойынын 2021 жылдың 31 наурызында 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясында Украинаға қарсы өткізді. Жалпы ұлттық құрама сапында 31 матч өткізіп, бір голмен көзге түскен.
Transfermarkt порталы 27 жастағы футболшыны 350 мың еуроға бағалайды.
Айта кетейік, КПЛ-де 14 турдан кейін семейлік «Елімай» 24 ұпай жинап, турнирлік кестеде бесінші орында тұр.