Джейк Пол Энтони Джошуамен жұдырықтасуға дайын екенін айтты

Америкалық блогер әрі кәсіпқой боксшы Джейк Пол Хулио Сезар Чавес-кішімен болған жекпе-жектен кейін Энтони Джошуамен кездесуге қарсы еместігін айтты, деп жазады Prosports.kz fightnews.info сайтына сілтеме жасап.
«Мен аса ауыр салмақтағы боксшы емеспін, бірақ бәрібір бұл жекпе-жекке шығуға дайынмын. Уайлдерді қараңыздаршы — салмағы 98 келі болса да, небір алыптарды нокаутқа түсірді. Әрине, бойы екі метрге жуық, бірақ мүмкін емес ештеңе жоқ.
Көп адам мені сынайды, “шынымен мықты біреумен шық” дейді. Негізі, олар менің жеңілгенімді көргісі келеді. Джошуамен айқас – ессіздік болар еді, бірақ маған осындай сын ұнайды. Біз сөйлестік, ол тіпті хабарласты. Бәрі дұрыс болса, бұл жекпе-жек 2026 жылы өтуі мүмкін», – деді Пол.
Айта кетейік, Джейк Пол 28 маусым күні Чавес-кішіні төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген еді.