Азат Мақсұмның бапкері Тагир Уланбековпен жекпе-жегі туралы пікірін айтты

Triumph Fights клубының жаттықтырушысы Қанат Рахимов UFC-де өткен Азат Мақсұм мен Тагир Уланбеков арасындағы жекпе-жекке пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz. Маманның айтуынша, бұл тең деңгейдегі тартысты шайқас болған.
«Шешім шығар алдында Азаттың қолын көтереді деп ойладық. Ол тейкдауннан жақсы қорғанды, өзі де бірнеше сәтті лақтыру жасады. Екінші жартыда нақты соққыларын дөп түсірді. Біз жеңісті күттік», – деді Рахимов.
Ол сондай-ақ бұған дейінгі Чарльз Джонсонға қарсы жекпе-жекпен салыстырып: «Егер сол жекпе-жектегі ұпай жүйесін негізге алсақ, бұл жолы жеңісті Азатқа беруге болатын еді», – деп қосты.
Канат Рахимов Азат Мақсұмның лақтыру тәсілдеріне таңғалмағанын айтты — ол мұндай әдістерді жаттығуда жиі жасайды екен. Сонымен қатар, Тагир Уланбековтің жекпе-жек туралы екі түрлі пікір білдіргеніне назар аударды. Алдағы жоспар жайлы нақты шешім әлі қабылданбаған, бірақ жаттықтырушы барлығы жақсы болады деп сенеді. Жазда Азат пен бірнеше қазақстандық спортшы American Top Team базасына жаттығуға аттанады.