«Барыстың» жаңа басшысы жайлы не білеміз?

«Барыстың» бас директоры болып тағайындалған Сәкен Мұсайбековке қатысты қоғам пікірі екіге жарылды. Бір апта өтті, алайда жаңа басшы нақты іске кіріскенін көре қоймадық. Бұл тағайындауға қатысты Prosports.kz тілшісі еліміздің бұрынғы мемлекеттік жаттықтырушысы Сергей Шаверневпен сұхбаттасты.
– Сергей Викторович, Сәкен Мұсайбеков неге осы қызметке келді деп ойлайсыз?
– Бұл тағайындауға қоғам алдын ала дайындалған сияқты. Қазір «Барыстың» қаржыландыруы спорт комитеті арқылы жүреді, ал ол жерде таза шенеуніктік жұмыс. Мұсайбековтің мемлекеттік қызмет тәжірибесі бар, ақшаның қозғалысын жақсы біледі. Спорт жағын ол Иванищев, Болякин және Мамбеталиев сияқты кеңесшілер арқылы жүргізеді. Ол – Мамин мен Федерацияға ыңғайлы адам. Бұл лауазым – мәртебелі, ықпалды орын. Оны тіпті «хоккей министрі» деуге болады.
– Неліктен ол бірден жұмысқа кіріспей жатыр деп ойлайсыз?
– Одан төңкерістік шешімдер күту қиын. Кризис-менеджер ретінде көрмеймін. Бізге Олимпиадаға шығу туралы бір ғана айтарлықтай мәлімдемесі болды. Бұл – үлкен мақсат және дұрыс бағыт.
– Екі лауазымды қатар алып жүруіне не дейсіз?
– Бұл – билікті орталықтандыру. Қазір хоккейдің бар тізгіні соның қолында: «Барыстың», ерлер, әйелдер, жастар және жасөспірімдер құрамасының бапкерлерін тағайындау. Енді барлық шешім соның айналасында қабылданады. Бірақ бұл билікті қалай пайдаланары – басқа әңгіме.
– Мұсайбеков кімнің адамы деп ойлайсыз?
– Асқар Маминнің. Осы арқылы оның ықпалы күшейіп жатыр.
– Министрмен келісе отырып тағайындалған жоқ па?
– Әрине, келіскен. Бірақ бұл жерде бастысы – Федерация мен министрлік бір бағытта жұмыс істеуі керек. Бұған дейін Нурлан Оразбаев министрмен келісіп келгенде, Федерация оған қарсы шыққан. Нәтижесінде ол жоспарын жүзеге асыра алмады.
– Қазір «Барыстың» қаржылық жағдайы қандай болмақ?
– Егер тек министрлік пен қор қаржыландырса, қиын болады. Мен бұрын да айтқанмын – кемі 3 миллион доллар көлемінде еркін ақша қажет, легионерлерді бір маусымға алып қалу үшін. Мүмкін, Мамин бұл қаражатты демеушілер арқылы немесе жеке өзі әкелемін деп келіскен болар. Бірақ сол қаржы дұрыс жұмсалуы тиіс. Бұған дейінгі секілді бос шығындар болмауы керек.
– Антикор бұрынғы басшылыққа қатысты істі соңына дейін жеткізе ме?
– Антикор «Барыста» бұған дейін де болған. Бірақ еш нәтиже шықпады. Мен ешкімді түрмеге түсуін тілемеймін, бірақ құжаттарда барлығы дұрыс сияқты. Чартерлік ұшуларға қатысты сұрақтар туындауы мүмкін. Бірақ бұрынғы басшылықта бұл сұрақтарға жауап бар деп ойлаймын.
– Нұрлан Оразбаев легионерлерге берілген өтемақы үшін жауап беруі керек пе?
– Егер заңдық негіз болса, одан сұрауы мүмкін. Себебі ол шешімді өзі ғана емес, министрмен келісіп қабылдады. Қазір Мамбеталиевтің келісімшартын бұзу үшін 200 миллион теңге керек деген әңгіме жүр. Сондықтан ол әзірге орнында қалуы мүмкін.
–Ғалым Мамбеталиев құрамда қалуы керек пе?
– Бұл да күреске айналған тақырып. Оны қолдап отырған адамдар бар – мүмкін министрліктен немесе маслихаттан. Депутаттар арасында да қолдау бар. Ол – ұлттық маман. Ісін біледі, «уақыт беріңіздер, жігіттерден мықты команда жасаймын» деп сеніммен айтып отыр. Егер мықты турнирде тұрақты ойнап жүрсе, шынымен де өз жұлдыздарымыз өсіп шығуы мүмкін. Бірақ оған қанша уақыт керек – белгісіз.
– Тамбиевтің пікірінше, қазақстандық ойыншылар сенімнен айырылып қалған…
– Иә, дұрыс. Ойыншылар үнемі жеңіліп, рухын жоғалтқан. Ресейлік спортшылар да «біз оларға қарсы көзімізді жұмып-ақ ойнаймыз» деп айтып жүр.
– Ғалыммен келісімшартты ұзартқаны үшін Оразбаев жауап беруі тиіс пе?
– Егер заң бойынша сұрақтар туындаса, жауап беруі мүмкін. Ғалымның өзі де Оразбаевпен қарым-қатынаста ыңғайсыз болған. Себебі кезінде ол Өзбекстанның ұлттық құрамасын басқару үшін «Хумо» клубына кетіп қалған еді. Бірақ ол жақта да екеуінің арасы суып кеткен. Сондықтан Ғалым әлі де ол жағдайды кешіре алмаған сияқты.