Қазақстандық боксшы Бекзад Нұрдәулетов: басты мақсат - алтыннан алқа тағу

Қазақстандық боксшы Бекзад Нұрдәулетов: басты мақсат - алтыннан алқа тағу

Елордада 30 маусым мен 6 шілде аралығында World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен Әлем кубогының кезекті кезеңі өтеді. Осы орайда, 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов Olympic.kz сайтына сұхбат берген болатын. Қазақстандық боксшы жарыс деңгейі туралы ойымен бөлісіп, алтын медаль жеңіп алғысы келетінін айтты.

- Кәсіпқой бокстан әуесқойға бейімделу қалай болды?

- 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап, әуесқой боксқа келгеніме екі жылдай уақыт болып қалды. Бұл аралықта біраз нәрсені меңгеріп, үйреніп қалдым деуге болады. Кәсіпқой бокстан әуесқой боксқа ауысуымның басты себебі — Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін қарастыру еді.

Әрине, екі жақтың айырмашылығы бар. Кәсіпқой бокстың өзіне тән қиындығы болса, әуесқой бокста да оңай емес тұстар көп. Екеуін салыстыру қиын, себебі дайындық жүйесі мүлде бөлек. Мысалы, әуесқой бокста екі апталық оқу-жаттығу жиынынан кейін бірден жарысқа қатысатын болсақ, кәсіпқой бокста дайындық екі-үш айға созылады.

Қазір бұл жүйеге толық бейімделіп үлгердім. Соңғы үш жарыстың үшеуінде де жеңімпаз атандым. Жалпы жағдай жаман емес. Енді алдағы Әлем кубогында шаршы алаңға шығып, өз мықтылығымызды дәлелдейміз деген үміт бар.

- Турнир деңгейі жайлы не айтасыз?

Бұл жарыс біз үшін өте маңызды, өйткені оның қорытындысы бойынша ұпай беріледі. Жиналған ұпайлар алдағы Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына іріктеу кезінде есепке алынады деп ойлаймын. Жарыстың деңгейі жоғары. Соған қарамастан, кез келген жарысқа тыңғылықты дайындықпен, бабымда келуге тырысамын. Жаттығу жиынына бірнеше құрама келді. Әр құрама өздерінің үздік боксшыларын тізімге қосты.

Сонымен қатар өзімнің 16 жылдық спорттық мансабымда алғаш рет оқу-жаттығу жиынына бір мезетте 8 құрама қатысып жатқанын көріп тұрмын. Бұл – Астанада өтетін Әлем кубогында бәсекелестік деңгейі өте жоғары болатынын білдіреді. Мұндай деңгейдегі турнирде әр кездесудің маңызы зор, сондықтан барынша дайындық қажет.

Әлем кубогына қандай жоспармен келіп отырсыз? Осы турнирден кейінгі мақсаттарыңыз қандай?

- Әр спортшы алдына биік мақсаттар қояды. Менің де басты мақсатым - осы турнирде алтыннан алқа тағу. Сонымен қатар өз мүмкіндігімді барынша көрсетіп, “Үздік боксшы” номинациясын иеленуге ниеттімін.

Қазіргі кезде бабымды тексеріп, дайындық деңгейімді бағалап жатырмын. Алда алты күн бар, сол уақыт ішінде 100 пайыз дайын боламын деп ойлаймын. Бұл жарыста кімнің мықты екенін анықтайтын боламыз.

Ал, жарыстан кейінгі жаттығу мен жарыс жоспарын бас бапкер айқындайды. Қазір біз болашақ жарыстарды емес, тек алдағы турнирге толық назар аударып отырмыз. Сол жарыстан кейін бапкердің тапсырмасына сай келесі оқу-жаттығу кезеңіне көшеміз. Бәрі жоспарлы түрде, бірізділікпен жүзеге асады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или