Талғарда KFF Academy by International Airport ғимаратының құрылысы басталды

Талғарда KFF Academy by International Airport ғимаратының құрылысы басталды

Бүгін, 23 маусымда Алматы облысы Талғар қаласында халықаралық FIFA стандартына сай KFF Academy by Almaty International Airport ғимаратының іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.

Жоба Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен, Алматы халықаралық әуежайының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Салтанатты шарада алғашқы құттықтау сөз сөйлеген TAV Airports Holding бас директоры Серкан Каптан компанияның бұл жобаға қатысуы әлеуметтік жауапкершілікпен ғана шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, жоба компанияның орнықты дамуында стратегиялық маңызға ие.

«TAV Airports Holding үшін тұрақты даму құндылықтары жауапкершілікке, қоғаммен тығыз байланыс орнатуға және бизнестен бөлек мақсаттарға ұмтылуға негізделген. Біз үшін корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік – жай ғана нәрсе емес, ол қызметіміздің негізі. Жастардың дамуына және қоғамның игілігіне бағытталған бастамаларды қолдау – біздің стратегиямыз бен іс-әрекетімізді айқындайтын құндылық», – деді С. Каптан.

Академияның құрылысы – кезекті спорттық жоба ғана емес. Бұл – адами капиталға, балалардың болашағы мен спорт әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция. Мұнда жас таланттарды анықтап, оларды дамытуға жүйелі негіз қалыптастырып, кәсіби дайындықпен қатар, онда тұруға, білім алуға және футбол қауымдастығына бейімделуге қажетті жағдай жасалады.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың айтуынша, академияда жас футболшыларға жүйелі түрде заманауи футбол талаптарына сай дайындалуға барлық жағдай жасалады. Жоба – балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудағы маңызды қадам.

«Бүгін іргетасы қаланған футбол академиясы – Қазақстан футбол федерациясының ауқымды және стратегиялық маңызы зор алғашқы жобасы. Ол еліміздегі жас футболшыларды даярлау жүйесін өзгертіп, жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», – деді ҚФФ президенті Марат Омаров.

Құрметті қонақтардың сөзінен соң, академияның іргетасын қалау рәсімі салтанатты түрде жарияланды. Шарада жоба басшылығы футбол добына қолтаңбаларын қойып, оны жас спортшыларға табыстады.

Академияның жалпы аумағы – 5 520 шаршы метр. Ол үш негізгі блоктан тұрады: спорттық, әкімшілік-тұрмыстық және жатақхана.

Спорттық блокта жабық футбол залы, жалпы дене дайындығы залы, қалпына келу бассейндері, киім ауыстыратын және қызметтік бөлмелер болады. Әкімшілік-тұрмыстық блокқа жаттықтырушы кабинеттері, медициналық және оңалту бөлмелері, конференц-зал, асхана және техникалық бөлмелер орналасады. Ал төрт қабатты жатақханада оқушылар мен қызметкерлерге арналған бөлмелер, демалыс және жеке дайындық аймақтары бар.

KFF Academy by Almaty International Airport – балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадам. Бұл жаңа буын спортшыларын даярлауға арналған тұрақты инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстарының бастамасы. Академия әріптестік қарым-қатынас пен тәжірибені ұштастырған ел спортын жетілдірудегі сапалы әрі жүйелі көзқарастың үлгісіне айналмақ.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или