Астанада Олимпиада күні аясында жүзу және триатлон жарыстары өтті

22 маусымда Астанада Халықаралық Олимпиада күніне орай жарыстар өтті.
«Оазис» ашық бассейнінде iSwim мектебінің тәрбиеленушілері арасында жүзу жарыстары ұйымдастырылды. Жарысқа 2007–2018 жылдар аралығында туған спортшылар қатысып, 25 метр қашықтықты еркін стильде жүзіп өтті.
Олимпиада күні аясында Астана триатлон федерациясымен бірлесе отырып ASTANA TRIATHLON Sprint жарысы өтті.
Триатлон мен акватлон турнирі түрлі жастағы спортшыларды біріктірді. Жарысқа 100 әуесқой спортшы мен U-9 бен U-19 жас аралығындағы 90 бала қатысты. Сайыс Астананың Оэорталық саябағында өтіп, super sprint қашықтығында жеке және командалық жарыстар ұйымдастырылды.
Бұған дейін мерекелік іс-шаралар аясында спорттың бірнеше түрі бойынша Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңдері өтті. Алматы мен Астананың оқушылары үшін атақты спортшылардың қатысуымен олимпиадалық сабақтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар дене шынықтыру пәні мұғалімдері «Жазғы мектеп» аясында Корея спорттық ғылымдары институтының сарапшыларынан дәріс тыңдады. Астана қаласы өз кезегінде су спорты түрлері бойынша — жүзу, су добы және әртістік жүзу жарыстарын қабылдады.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күні жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі. Бұл күн 1894 жылы Халықаралық Олимпиадалық комитеттің құрылуына орай белгіленген.