UFC-ге баруы мүмкін қазақстандық жауынгерлердің есімі аталды

Octagon деп аталатын қазақстандық ММА лигасының президенті Нұраддин Садықов «Azamat Sport» YouTube арнасына берген сұхбатында алдағы уақытта UFC-ге өтуі мүмкін қазақстандық спортшылардың есімдерін атады, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Аян Тұрсын ауысуға жақын болған, бірақ соңғы жекпе-жегінен кейін бәрі кейінге шегерілді. Аяннан бөлек, Octagon чемпионы Сүндет Айтқұлды айтуға болады. Төбелесу стилі көрерменге қызық, он жекпе-жегінің бәрін уақытынан бұрын аяқтаған. Қырғызстандық Руслан Касымалы уулу да аздап үміткер. Саясат Әбдуәли туралы көп айтылады, бірақ өз басым оған әлі ерте деп ойлаймын. Есесіне Абай Жалалдың мүмкіндігі бар», - деді ол.
Қазіргі уақытта UFC-де Қазақстаннан алты спортшы өнер көрсетіп жүр: Шавкат Рахмонов, Асу Алмабаев, Азат Мақсұм, Бекзат Алмахан, Николай Веретенников және Дияр Нұрғожай. Бұрын UFC-де Жалғас Жұмағұлов пен Сергей Морозов та өнер көрсеткен.