Қазақстандық теннисші Ноттингем турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Ноттингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жапониялық Эна Сибахарамен жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін нидерландылық Изабель Хаверлаг – ұлыбританиялық Майя Ламсденмен өткізді.
Бірінші партияда тай-брейкте нидерландылық-ұлыбританиялық жұптың бағы жанды – 7:6 (7:3). Дегенмен бұдан кейін Данилина – Сибахара камбэк жасай білді – 7:5, 10:8.
Бір сағат 50 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық-жапониялық дуэт 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаға асырды. Хаверлаг – Ламсден 5 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Анна Данилина – Эна Сибахара жартылай финалға шығу үшін чехиялық Анастасия Децюк – нидерландылық Бибиана Схофспен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 27-ракеткасы Юлия Путинцева осы додада жекелей сында екінші айналымда рейтингіде 38-орындағы словакиялық Ребекка Шрамковаға жол беріп, ширек финалдан шет қалды – 1:6, 6:4, 4:6. Бұл матч та тартысты өтіп, 2 сағат 8 минутта бітті.
А.Данилина жұптық сында осының алдында Ролан Гаррос пен Лондон турнирлерінің финалына дейін жеткен еді.