Сатпаев – әлемнің ең қымбат жас футболшыларының үштігінде

«Қайрат» пен Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев 16 жастан аспаған футболшылар арасындағы ең қымбат үш ойыншының қатарына кірді, деп хабарлайды Prosports.kz Legalbet.kz сайтына сілтеме жасап.
Transfermarkt дерегінше, бұл тізімде бірінші орында мексикалық «Тихуана» клубының жартылай қорғаушысы Хильберто Мора тұр – оның трансферлік құны 3 миллион еуро. Екінші орын – бельгиялық «Андерлехт» клубының тірек жартылай қорғаушысы Натан Де Катқа (2,5 млн еуро), ал үшінші орын – 1,8 миллион еуро тұратын Дастан Сатпаевқа тиесілі.
Сонымен қатар Сатпаев 17 жасқа дейінгі ең қымбат 30 футболшының қатарына енді. Бұл жас санатында көш бастап тұрған ойыншы – «Барселона» мен Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Ламин Ямаль. Оның құны – 200 миллион еуро.
2025 жылы Сатпаев «Қайрат» сапында 16 матч өткізіп, 9 гол соқты және 4 нәтижелі пас берді. Қазақстан құрамасындағы үш ойында әзірге гол не паспен көзге түскен жоқ.