«Әл-Хиләл» Винисиусқа көз тастап отыр ма?

Сауд Арабиясының «Әл-Хиләл» клубының бас директоры Стив Кальсада мадридтік «Реал» жұлдызы Винисиус Жуниорға қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Prosports.kz Euro-football.ru сайтына сілтеме жасап.
Бразилиялық шабуылшыны арабтар өз қатарына қосуды көздегені жайлы сыбыс біраз уақыт тараған еді. Алайда соңғы кездері бұл әңгіме саябырсыған. Соған қарамастан, клуб өкілі мұндай трансфер әбден мүмкін екенін меңзеді.
«Винисиус па? Сауд лигасы кез келген ойыншыны қатарға қосуды қарастыра алады. Біз кез келген қадамға барамыз, өйткені қажетті ресурстар бізде бар. Біз ақша арқылы емес, өзіміздің әлеуетімізбен кез келген футболшыны сендіре аламыз», – деді Кальсада The Touchline басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Transfermarkt мәліметінше, 24 жастағы Винисиус Жуниордың нарықтағы құны – 170 миллион еуро. Оның «Реалмен» келісімшарты 2027 жылға дейін жарамды.