Берлиндегі қанды қақтығыста танымал боксшы қаза тапты

Берлинде болған қайғылы оқиға кезінде 39 жастағы чечен боксшысы Абу Юсупов көз жұмды, деп хабарлайды Prosports.kz Championat басылымына сілтеме жасап.
Tagesspiegel газетінің жазуынша, Юсупов Гезундбруннен теміржол станциясында белгісіз адамдар тобымен жанжалға тап болған. Әуелде сөз таласына айналған жағдай артынша төбелеске ұласып, олардың бірі Абудың мойнына пышақ сұғып жіберген. Спортшы көп ұзамай ауруханада көз жұмған.
БАҚ дерегінше, Юсупов Ауғанстан азаматтарымен жанжалдасқан. Қылмыс жасағандар оқиға орнына полиция келгенше бой тасалап үлгерген. Берлин прокуратурасы олардың әлі бостандықта жүргенін мәлімдеді.
Абу Юсуповтің өлімі бокс әлеміне ауыр соққы болды. Бұл оқиғаға байланысты WBC (Дүниежүзілік бокс кеңесі) ресми түрде көңіл айтты: «Юсупов – жеңіліп көрмеген чечен боксшысы еді. Оның спортқа деген адалдығы мен табандылығы мәңгі есте қалады. WBC ұйымы мен оның президенті Маурисио Сулейман марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтады».