Шавкат Рахмоновтың сөзі Фаниль Рафиковқа сенім берді

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Фаниль Рафиков бокс ережесімен өткен Мариф Пираевпен жекпе-жектен кейін Шавкат Рахмоновтың не дегенін айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz Betonmobile сайтына сілтеме жасап.
— Шавкаттың қуанышпен секірген видеосы желіде лезде тарады. Ал жеке өзіңізге не деді? Қателіктерге назар аудартты ма?
— Иә, ол видео расымен де желіде кең тарады. Шавкат бізбен үнемі бірге, бұрышта тұрып қолдайды, мотивация береді. Жекпе-жек алдында: «Сен дайындалдың, бәрі дайын, енді алаңдамай, сабырмен өз ісіңді істе» деді. Менде кейде бірінші раундта асығыс қимылдар болып кетеді. Бірақ бұрышымда Шавкат секілді әлемдік деңгейдегі ММА жұлдызының болуы – мен үшін үлкен мәртебе, – деді Рафиков.
Айта кетейік, Рафиков Пираевты бокс ережесімен өткен кездесуде төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңген болатын. Қос спортшы енді реваншты ММА ережесімен өткізбек.