Спорттық гимнастикадан Ташкенттегі тарихи Challenge Cup турниріне алдын ала шолу

Қазақстандық гимнастар үшін маусым өте қарқынды өтуде. Жуырда ғана ұлттық құрамамыз Азия чемпионатына қатысқан еді. Енді бірқатар спортшымыз тарихи турнирге қатысу үшін Ташкентке (Өзбекстан) аттанды. Толығырақ Olympic.kz материалында.
Өзбекстан астанасы алғаш рет Challenge Cup кезеңін қабылдайды. Бұл беделді жарыс Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) күнтізбесіне енген. Маусым барысында мұндай бірнеше кезең түрлі елдерде ұйымдастырылады. Ал қатысушылар тізімінде әлемдік гимнастиканың жұлдыздары жиі кездеседі.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Ташкентте өтетін алдағы кезеңге түрлі елден 65-тен астам гимнаст қатысады. Қазақстан, Өзбекстан, Армения, Тайбэй, Болгария, Хорватия, Германия, Гонконг, Исландия, Алжир, Беларусь, Оңтүстік Африка, Түркия және Украина спортшылары жүлде үшін бақ сынайды.
Басты жұлдыздардың қатарында – 2025 жылғы Еуропа чемпионы Мамикон Хачатрян (Армения), әлемдік турнирлердің жеңімпазы әрі жүлдегері Цзэй Шен-Вэй (Тайбэй), сондай-ақ бұған дейінгі кезеңдерде бірнеше мәрте жүлде алған қазақстандық гимнастар бар. Мысалы, мамыр айында Диас Тойшыбек Словенияда өткен жарыста алтын медаль иеленді. Сол турнирде Зейнолла Ыдырысов күміс медаль жеңіп алған болатын. Айта кетейік, бұл екі спортшы Ташкенттегі Challenge Cup кезеңіне қатысатын құрамға енген.
Ал Нариман Курбанов пен Милад Карими жарыс құрамына енбеді. Мұндай шешімді бапкерлер штабы қабылдады.
"Бұл турнирге біз нақты міндеттер қойып отырмыз. Универсиада, әлем чемпионаты және өзге де халықаралық жарыстарға іріктеу өткізгіміз келеді. Нариман Курбанов пен Милад Карими Ташкентте өнер көрсетпейді. Олар жеке дайындық бағдарламасы бойынша жаттығуда. Күзде Джакартада (Индонезия) әлем чемпионаты өтеді. Біз оған Қазақстанда дайындалып, кейін Жапония немесе Кореяға оқу-жаттығу жиынына барамыз. Бұл климаттық жағдай мен уақыт белдеуіне бейімделу үшін маңызды", – деді бас бапкер Александр Ким.
Алдағы жарысқа қатысатын құрам:
- Ілияс Әзізов
- Дмитрий Патанин
- Зейнолла Ыдырысов
- Фарух Набиев
- Диас Тойшыбек
- Алтынхан Темірбек
Бәсекелестік өте жоғары болмақ. Өзбекстан құрамасы да өте мықты құраммен қатысады. Бұл команда бұған дейінгі Challenge Cup кезеңдерінде жақсы нәтиже көрсеткен. Дегенмен, қазақстандық гимнастардың жүлде алу мүмкіндігі жоғары. Олардың көпшілігі бұған дейін Әлем кубогы мен Challenge Cup кезеңдерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған. Патанин мен Әзізов жуырда ғана Азия чемпионатында командалық көпсайыста қола жүлде алған болатын.
Ерлер арасындағы жарыспен қатар әйелдер арасындағы бәсеке де өтеді. Ал басты оқиғалардың бірі – әлемдік турнирде Оксана Чусовитинаның өнер көрсетуі болмақ. Атақты гимнаст әлі де жоғары деңгейде жарысуда. Ерекше атап өтерлігі, спортшы екі күннен кейін 50 жасқа толады және бұл мерейтойын көрермендердің алдында медальмен атап өткісі келері анық.
Қазақстан атынан әйелдер арасындағы жарысқа Амели Мукушева, Көркем Ербосынқызы және Радмила Тарасова қатысады.
Айта кетейік, жарыс 18-21 маусым аралығында өтеді.