Менеджер жеңіліп көрмеген файтердің октагонға оралуы туралы мәлімдеме жасады

Менеджер Ерасыл Қайыргелдин Meta-ratings.kz тілшісіне берген сұхбатында жеңіліп көрмеген файтер Бақдәулет «Дойт» Әмірбектің (5-0) октагонға оралуы туралы айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Бақдәулет жарақатынан толық айығып, торға оралуға дайын. Тамыз айында Еуропадағы промоушендердің бірінде дебютін өткізеді. Қазір ұлыбританиялық Cage Warriors лигасы мен чехиялық Oktagon нұсқаларын қарастырып жатырмыз. Виза мен оқу-жаттығу жиыны өтетін орынды шешіп жатырмыз. Жаттығу жиыны, ең ықтимал нұсқа бойынша, American Top Team немесе Tiger Muay Thai залында өтеді.
Айта кетейін, Cage Warriors – әлемдік топ-10 лига қатарына кіреді және бұл промоушеннен көптеген спортшылар тікелей UFC-ге өтеді. Бұл лигада әзірге қазақстандықтар жекпе-жек өткізген жоқ, сондықтан Дойт алғашқы болуы мүмкін. Егер біз олармен келісімшартқа қол қойсақ, басты мақсат – чемпиондық белбеу, ал ары қарай UFC», – деді Қайыргелдин.
Еске салайық, Бақдәулет «Дойт» Әмірбек (5-0) бұған дейін қазақстандық OCTAGON лигасында өнер көрсетіп, аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуге үміткерлердің бірі саналған.