Александр Бублик Германияда екі жыл бұрын чемпион атанған жарыста ойнайды

16-22 маусым аралығында өтетін Галле (Германия) ATP 500 турнирінде теннисшілердің қарсыластары анықталды.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда рейтингіде өзінен үш саты жоғары тұрған франциялық Александр Мюллермен кездеседі.
Қазақстандық теннисші А.Мюллерді жеңсе, әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнерге тап келуі ықтимал.
А.Бублик осының алдында алғаш рет Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына дейін жетіп, онда Я.Синнерге жол берген еді.
А.Бубликтің спорттық жолындағы ең ірі табысы Галлемен байланысты. Ол 2023 жылы финалда ресейлік Андрей Рублёвті 6:3, 3:6, 6:3 есебімен ұтып, чемпион атанған еді.
Қазақстандық теннисші Лондонда осы мерзімде өтетін ATP 500 жарысына арнайы шақырту алған еді. Алайда кейін Бублик Галледе өнер көрсетуді құп көрді. Мұнда ол чилилік Алехандро Табилоны алмастырады.
Өткен жылы Галледе финалда Польша өкілі Хуберт Хуркачты тізе бүктірген Янник Синнер жеңімпаз атанған еді. Биыл ол чемпиондық атағын қорғайды.