Анна Данилина Лондон турнирінде чемпиондық атақ үшін таласады

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Лондон WTA 500 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші ресейлік Диана Шнайдермен бірге жартылай финалда аустралиялық Эллен Перес — қытайлық Чжан Шуаймен сынға түсті.
Бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде аустралиялық-қытайлық дуэт қарымта қайырды — 6:2.
Супер тай-брейкте Данилина — Шнайдер сәтті ойнады — 11:9.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде Данилина — Шнайдер 1 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Перес — Шуай 3 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Анна Данилина — Диана Шнайдер финалда америкалық Айша Мухаммад — нидерландылық Деми Схурспен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Анна Данилина осымен қатарынан екі ірі жарыста финалға шығып отыр. Ол өткен аптада Ролан Гаррос додасында соңғы бәсекеде өнер көрсеткен еді.